Басты тақырып

Тоқаев Оман сұлтанымен әуежайда әңгімелесті

Сурет: aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен әуежай залында аз-кем әңгімелесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті. Ол Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткенін, халықаралық аренада белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде танылғанын айтты.

– Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, халықаралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр, – деді Президент.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұнды әрі жемісті өтетініне сенім білдірді.

Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою, сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспарланған.

Көп оқылғандар