Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласында үш жасөспірім №22 бағыттағы автобустың артқы жағына жасырын жабысып, қозғалыс кезінде аяқтарын көлік құрылымына тіреп, тіркеліп кеткен. Бұл өте қауіпті әрекет болып, өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді. Бақытымызға орай, жасөспірімдер зардап шекпеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы ақпарат келісімен полиция қызметкерлері қажетті шараларды қабылдап, бейнежазбаларды осы аудандағы мектептерге бекітілген полиция инспекторларына жолдады. Нәтижесінде мектеп инспекторы бейнежазбада қалалық мектептердің бірінің 8–9 сынып оқушылары түсірілгенін анықтады.
Полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігімен бірлесіп, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын оқу орнына шақырып, профилактикалық әңгіме жүргізді.
Оқушыларға мұндай әрекеттердің қандай ауыр салдарға әкелуі мүмкін екендігі түсіндіріліп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Осы факті бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналары заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осыған байланысты полиция ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады. Қозғалыстағы автобустар мен басқа да көлік құралдарына жабысу өте қауіпті. Кенет тоқтағанда немесе бұрылғанда жасөспірімдер жолға құлап, ауыр жарақат алуы немесе қаза табуы мүмкін.
Уақытша әуестік орны толмас қайғыға айналмауы керек!
Мазмұнға өту
