Сурет: Жайық Пресс
Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын, педагог әрі журналист Жанайдар Болатбекұлының «Сөзге айналған уақыт» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Автормен кездесу оның шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы, туған өлкеге деген сүйіспеншілігі және білім мен журналистика саласындағы көпжылдық еңбегі туралы әңгімелесуге арқау болды. Кітапқа уақыт, өмір, адамдар және есте қалған оқиғалар туралы ой-толғаулар топтастырылған.
Кездесуді ашқан Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Талғат Мықи авторға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медхат Кәмбетов атынан алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ орталық атынан ақынға Қадыр Мырза Әлидің кітаптары сыйға тартылды.
Жиында М. Өтемісов атындағы БҚУ филология факультеті деканының орынбасары Әли Наби және Жаңақала ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Ислямгалиева авторға жылы лебіздерін білдірді.
Кеш барысында Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі А. Қуаналиев Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің музыкасындағы «Өмірің өз қолыңда» әнін, сондай-ақ Мұхтар Шахановтың «Махаббат елі» туындысын орындады. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармонияның әншісі А. Какимов Оспанәлі Иманалиевтің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің музыкасындағы «Анаға сәлем» композициясын ұсынды.
Жанайдар Болатбекұлы кәсіби қалыптасуы туралы естеліктерімен бөлісіп, педагогика мен журналистиканың өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті. Шәкірттерімен жұмыс және олардың жетістіктері туралы әңгімелей келе, ол былай деді:
– Видя победы своих учеников, я радуюсь тому, что выбрал путь учителя.
Сондай-ақ «Жаңарған өңір» газетіндегі жұмыс жылдары да назардан тыс қалмады. Автор журналистік тәжірибесі, адамдармен кездесулері және газет беттерінде туған өлкенің оқиғалары мен тарихын көрсету мүмкіндігі туралы әңгімеледі.
Мазмұнға өту
