Спорт

Пара таеквондодан тарихи алтын: Нұрлан Домбаев Гран-при жеңімпазы

Сурет: Egemen Qazaqstan

Францияда пара таеквондодан Гран-при сериясының кезекті кезеңі өтті. Отандасымыз Нұрлан Домбаев іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, финалда бразилиялық Жоэл Гомес да Силваны жеңді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Осылайша, 80 кг салмақ дәрежесінде (К44) сынға түскен жерлесіміз ел спорты тарихында тұңғыш рет Гран-при кезеңінің алтын медалін иеленді. Нұрлан бұған дейін пара таеквондодан екі дүркін әлем чемпионы атанып, Азия біріншілігінде топ жарған. Сондай-ақ 2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Пара Азия ойындарында қола жүлде еншілеген еді. Осы жарыста тағы бір отандасымыз Жанболат Қазиев қола медальға қол жеткізді.

Малайзияның Пенанг қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты чемпионатында отандастарымыз жүлделі өнер көрсетті. Сурдо жеңіл атлетикадан Данил Щелоков 400 метр қашықтықты 47,86 секундта бағындырып, рекорд жаңартты әрі алтын медаль иеленді. Софья Колосова 200 метрлік бәсекеде күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал классикалық шахматтан Самажан Кеттебеков қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.

Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мемориалы басталды. ISU Challenger Series санатындағы жарыстың ерлер арасындағы қысқа бағдарламасында Диас Жиренбаев 66,11 ұпай жинап, жетінші орынға тұрақтады. Бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар үздік үштікті түгел иеленді. Владислав Дикиджи 107,31 ұпаймен көш бастаса, Глеб Лутфуллин 95,79 ұпаймен екінші орынға жайғасты. 80,63 ұпай жинаған Пётр Гуменник үздік үштікті түйіндеді.

Әйелдер бәсекесінде Софья Самоделкина қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 69,45 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады. Александра Игнатова 77,39 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті. Оңтүстік Корея өкілі Юджае Ким 75,39 ұпаймен екінші сатыға жайғасты.

Әзербайжан астанасы Бакуде өткен дзюдодан әлем чемпионатында Аруна Жангелдина алғашқы айналымнан аса алмады. 78 кг салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз финляндиялық Эмма Крапуге есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады. Осылайша, әлем біріншілігінде Қазақстанның әйелдер құрамасына жүлде бұйырмады. Ал бұған дейін ерлер арасындағы бәсекеде 60 кг салмақта сынға түскен Шерзод Давлатов күміс медаль иеленген еді.

Көп оқылғандар