Сурет: Egemen Qazaqstan
Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Көшпенділік – мәдениет пен өркениет түрі: заманауи пайымдау» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шара көшпенділер өркениетінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, оның әлем мәдениетіндегі орнын айқындауға және дәстүрлі құндылықтарды жаңаша пайымдауға арналды. Конференция мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов атындағы мәжіліс залының тұсаукесерімен ашылды.
Салтанатты жиында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа Әуезова, «Көшпенділер. Эстетика» кітабының тең авторы, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Асия Мұхамбетова және «Жас тұлпар» қозғалысының өкілі, тарихшы Марат Сембин сөз сөйледі. Отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер, мәдениет пен өнер қайраткерлері көшпенділер өркениетінің ерекшеліктері туралы баяндамалар жасады.
Конференция 1976 жылы жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі өнері арқылы әлемді тану. Көшпенділер. Эстетика» монографиясының 50 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жаһандану, мәдени бірегейлік, экологиялық сын-қатерлер және цифрлық технологиялар дәуірінде көшпелі мұраны дұрыс түсіну басты назарға алынды.
Шара барысында 50 жыл бұрынғы кітаптың түпнұсқа мәтіні негізінде әзірленген «Көшпенділер. Эстетика. Қазақтың дәстүрлі өнері арқылы әлемді тану» ұжымдық монографиясының қазақ тіліндегі аудармасы мен орыс тіліндегі жаңа басылымының тұсауы кесілді. Туынды көшпенділер мәдениетінің жаһандық дамуға қосқан үлесін зерделеуге және рухани мұрасын танытуға бағытталған ғылыми еңбек ретінде таныстырылды.
Пленарлық отырыста көшпенді мен қалалық мәдениеттердің өзара байланысы, түркі халықтарының тарихи тәжірибесі, көшпенділер дүниетанымының философиялық негіздері және дәстүрлі мәдениеттің қазіргі қоғамдағы көрінісі талқыланды. Нидерланд, Швеция, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден қатысқан ғалымдар мен зерттеушілер көшпенділер мәдениетінің бүгінгі күнмен тарихи сабақтастығын және өркениеттік маңызын ғылыми тұрғыдан саралады. Өнертану кандидаты, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Мәдениеттану және материалдық емес мәдени мұра ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Александар Джумаевтың «Орталық Азияның көшпенді және қалалық мәдениеттерінің бірлігі туралы тағы бір рет» атты баяндамасы ерекше әсер қалдырды.
Конференция аясында екі секциялық отырыс ұйымдастырылды. Бірінші секция «Көшпелілік өркениеттік феномен ретінде: тарих, мәдениет, дүниетаным және материалдық мұра» тақырыбына арналса, екінші секция «Қазіргі әлемдегі көшпелі мұра: сақтау, таныстыру және жаңаша пайымдау» мәселелерін қамтыды. Шетелдік және отандық ғалымдар онлайн, офлайн түрде пікір білдірді.
Жиын қорытындысында пәнаралық ғылыми зерттеулерді дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және кеңінен дәріптеу қажеттігі жөнінде арнайы қарар қабылданды.
