Сурет: Egemen Qazaqstan
Былтыр Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келген, оның 11,1 миллионы елде бір тәуліктен астам уақыт болған. Ішкі туристер саны 10%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қонақүйлер мен демалыс базаларының қызмет көлемі 17%-ға артып, 350 млрд теңгені құрады. Салаға тартылған инвестиция 32,6%-ға өсіп, 1,256 трлн теңгеге жетті. 2020 жылдан бері 573 инвестициялық жоба іске асып, орналастыру орындарының қоры 25%-ға ұлғайып, 4 482 нысанды құрады.
Саяхатшыларды тарту үшін 84 мемлекеттің азаматтарына визасыз режім енгізілді, ал 102 елдің азаматтары электрондық виза ала алады. Еліміз 30 мемлекетпен халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырып, 145 бағытта аптасына 812 рейс орындайды. 17 әуежайда бесінші «әуе еркіндігі» дәрежесімен «ашық аспан» режімі қолданылады.
Кендірліде, Зайсанда, Катонқарағайда үш жаңа әуежай салынып жатыр, Арқалық әуежайы жақын арада қалпына келтіріледі. Алматы, Үржар, Шымкент, Павлодар қалаларындағы терминалдар мен ұшу-қону жолақтары жаңарады. Щучье-Бурабай курорт аймағын, «Маңғыстау» туристік аймағын, Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленді.
Туристік саланы қолдау туралы жаңа заң аясында гидтердің қызметін жеке кәсіпкер ретінде тіркеу міндеттемесі алынып тасталды. Визит-орталықтардың қызметін реттеу енгізіліп, туристік автобустардың мемлекеттік шекарадан жедел өтуі үшін «жасыл дәліз» тетігі іске қосылды.
Туризм және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Туризм саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзектендірді. Тиісті Үкімет қаулысы 13 шілдеде қабылданды. Бұған дейінгі тұжырымдамада 45 іс-шара көзделсе, жаңартылған құжатта олардың саны 66-ға дейін ұлғайды. Жаңа іс-шаралар жоспары инженерлік, коммуналдық, көлік инфрақұрылымын дамыту, бизнес үдерістерді цифрландыру, визит-орталықтар салу, курортты өңірлерді абаттандыру, туризм саласында кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, басым туристік аумақтарға стратегиялық инвесторлар тарту, білікті кадрлар даярлау секілді бағыттарды қамтиды.
Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай туризм саласының жалпы қосылған құнын 6,3 трлн теңгеге жеткізу, орналастыру және қоғамдық тамақтандыру саласына тартылатын инвестиция көлемін 260 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ салада жұмыспен қамтылғандар санын 800 мың адамға жеткізу көзделген. Осылайша, Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат және туризмді дамыту индексінде әлемдегі үздік 50 елдің қатарына ену мүмкіндігі жасалып жатыр.
