Басты тақырып

Президент Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады. Президент бұл жетістікті қазақ спортының абыройын асқақтатқан тарихи жеңіс деп бағалап, спортшыға жаңа белестерді бағындыруды тіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құттықтауда Президент Елена Рыбакинаның айрықша таланты мен тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ өзіне деген нық сенімінің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырғанын атап өтті. Ол бұл жеңістің қазақ спортының даңқын асырғанын, ал спортшының есімі әлемдік теннис жылнамасында ойып тұрып орын алғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Рыбакинаның жетістікке толы жолы еліміздің жас спортшылары мен дүние жүзіндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге екенін айтты. Ол спортшының кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынаста да байқалатын жоғары мәдениетін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді. Еске салайық, Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығуының арқасында әлемдік рейтингте бірінші орынға шыққан еді.

Көп оқылғандар