Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Қазақстанда бұрын байланысы жоқ 371 ауыл спутниктік интернетке қосылды. Бұл «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «QMobile» компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік мәліметінше, өткен жылы шалғай елді мекендерде «OneWeb» төмен орбиталы спутниктік жүйесі арқылы 329 қоғамдық Wi-Fi нүктесі орнатылған. Биыл жергілікті әкімдіктерден түскен қосымша өтінімдер негізінде жобаға қатысатын ауылдар саны 371-ге дейін өскен.
Министрлік өкілдері интернеттің сапасы мен тұрақты жұмысын тексеру үшін Алматы облысындағы Жіңішке ауылына барды.
«Инфрақұрылымы жоқ шалғай өңірлер үшін спутниктік интернет – дәстүрлі байланыс желілерін алмастыратын тиімді шешім. Мұндай сапарлар арқылы байланыс сапасын өз көзімізбен бағалап, бұл жобаның цифрлық алшақтықты жоюға септігін тигізіп жатқанына тұрғындардың пікірі арқылы көз жеткіземіз. Енді ауыл халқы тұрақты байланыста болып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде ала алады», – деді Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев.
Жіңішке ауылының тұрғыны Дәулетбек Алпысбаев та байланыс сапасының жақсарғанын айтты.
«Бұрын үй телефонынан басқа байланыс болмайтын. Балалармен, жақындарымызбен хабарласу үшін таудың төбесіне көтеріліп, қырға шығып отыратынбыз. Ал қазір, шүкір, интернет ауылдың ішінде-ақ ұстап тұр», – деді ол.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі шалғай ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Starlink спутниктік мобильді байланысы іске қосылды.
