Сурет: ашық дереккөзден
Астана әкімдігі қаладағы ретсіз құрылысты болдырмау үшін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жобада «Елорда маңы аймағының көлемі мен шекараларын белгілеу туралы» шешім қабылдау қарастырылған. Бұл құжатты қабылдау маңызын жоғалтқан нормативтік актіні құқықтық айналымнан алып тастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қала маңы аймағындағы жер пайдалану ережелері мен режимін қазіргі жағдайға сәйкес жаңарту көзделген.
Әзірлеушілердің пікірінше, бұл жер учаскелерін пайдаланудың нақты тәртібін белгілеп, ретсіз құрылыс қаупін азайтады. Нәтижесінде қалалық орта жүйелі әрі болжамды болады.
Сондай-ақ, ашық және түсінікті ережелер девелоперлер мен инвесторларға тәуекелдерді азайтып, ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Құжатта жол желілері, инженерлік коммуникациялар және әлеуметтік нысандар халық тығыздығына қарай жоспарланатыны айтылған.
