Қоғам

Астанада мүгедектігі бар адамдарға біржолғы жәрдемақы беріледі

Сурет: Еgemen.kz

Астана қаласында Мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында тұрғындарға біржолғы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Биыл Мүгедектігі бар адамдар күні 11 қазанда атап өтіледі. Осыған байланысты біржолғы төлемдер мынадай мөлшерде бекітілді:

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 20 АЕК немесе 86 500 теңге;

II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 10 АЕК немесе 43 250 теңге;

III топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 АЕК немесе 21 625 теңге.

Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Төлем алушылар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде айқындалады. Егер тұрғын жақында тұрғылықты жерін ауыстырған болса, мекенжайының Астанаға өзгертілгенін тексеруі керек.

«Қолданыстағы ережелерге сәйкес, біржолғы әлеуметтік көмек күнтізбелік жыл ішінде тек бір негіз бойынша бір рет тағайындалады. Сондықтан егер азамат осы жылы басқа негіз бойынша әлеуметтік көмек алған болса, оған Мүгедектігі бар адамдар күніне орай қайта төлем жасалмайды», деп хабарлады Астана әкімдігі.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай 2027 жылы жәрдемақы қалай есептелетінін айтқан болатын.

Көп оқылғандар