Сурет: istockphoto.com
Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері Жапонияның қолдауымен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне төтенше жағдайларға арналған мұнай қорын жасақтауға жәрдемдесуге әзір екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Kyodo агенттігінің дерегінше, Жапония, АСЕАН елдері, Сауд Арабиясы және БАӘ өкілдері қатысқан жиында қабылданған «Бірлескен мәлімдемеде» нарықтағы күрделі жағдайларда энергия ресурстарының тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ететін өңірлік мұнай қорын құрудың маңыздылығы атап өтілді.
Құжатта Парсы шығанағындағы дағдарыс АСЕАН елдерінің осалдығын айқын көрсеткені жазылған. Өңір мемлекеттері мұнай қорының өте аздығынан оның өткір тапшылығы қаупіне тап болды. Жапония мұндай резервтерді қалыптастыруға көмектесуге дайын, себебі бұл салада оның мол тәжірибесі бар.
Жапония аумағында Сауд Арабиясы және басқа да мұнай экспорттаушы елдердің мемлекеттік компанияларына мұнай сақтауға жалға берілетін резервуарлар да бар. Төтенше жағдайларда Жапония осы қорлардан шикізатты сатып алуға басым құқыққа ие.
Айта кетейік, әлемдік нарықта мұнай бағасы өсім көрсетіп отыр. Brent маркалы мұнайдың бағасы 0,36%-ға өсіп, барреліне 100,69 долларға жетті.
