Спорт

Дастан Сәтпаев «Бернлимен» жаттығуға қайта кірісті

Сурет: ашық дереккөзден

18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев бір айға жуық оңалтудан кейін «Бернли» сапында жаттығуға оралды. Алайда оның 10 қазандағы «Уотфордқа» қарсы матчқа қатысатыны әзірге ресми расталған жоқ, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

8 қазанда футболшы «Бернлидің» жаттығуынан суреттер жариялап, командаластарымен бірге жұмыс істей бастағанын көрсетті. «Бернли» Чемпионшиптегі кезекті ойынын 10 қазанда сырт алаңда «Уотфордпен» «Викаридж Роуд» стадионында өткізеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады.

Егер бапкерлер штабы Сәтпаевты осы ойынға қоспаса, ол 13 қазанда «Чарльтонға» қарсы өз алаңындағы матчта алаңға шығуы мүмкін. Ал 16 қазанда команда «Вулверхэмптонмен» кездеседі.

Сәтпаев қыркүйек айының басында «Мидлсброға» қарсы Чемпионшип матчынан кейін жарақат алған болатын. Сол кездесу 1:1 есебімен аяқталып, қазақстандық футболшы негізгі құрамда 81 минут ойнады. Кейін оның жамбастан төменгі бұлшықетінен жарақат алғаны белгілі болды.

Жарақаттан соң Сәтпаев ойыншының трансферлік құқығы тиесілі «Челсиге» барып, оңалтудан өтті. Лондондық клуб оның медициналық тұрғыдан қалпына келуін өз бақылауына алды. Кейін футболшы маусымды жалғастыру үшін «Бернлиге» қайта оралды.

Айта кетейік, Сәтпаевтың жарақаты Қазақстан құрамасына көмектесуге де кедергі болды. Ол Ұлттар лигасындағы Фарер аралдары, Словакия және Молдоваға қарсы кездесулерге қатысатын ойыншылар тізіміне енген жоқ.

«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен бұған дейін қазақстандық шабуылшыны халықаралық үзілістен кейін команда сапына қосуды жоспарлап отырғанын айтқан. Маман Сәтпаевтың команда шабуылындағы рөліне де тоқталып, жарақат алғанға дейінгі ойындарда жас футболшының маңызды ойыншылардың біріне айналғанын атап өтті.

Жарақат алғанға дейін Сәтпаев «Бернли» сапында төрт ресми матч өткізді. Оның үшеуі Чемпионшипте, біреуі Лига кубогында өтті. Чемпионат аясында қазақстандық футболшы 204 минут алаңда болып, екі кездесуде негізгі құрамда шықты. Әзірге оның еншісінде гол да, нәтижелі пас та жоқ.

Соған қарамастан Сәтпаевтың алғашқы ойындары статистикалық платформалар тарапынан жаман бағаланған жоқ. Оның орташа бағасы FotMob-та – 6,89, ал Flashscore-да шамамен 6,7 балл болды.

Ағылшын футболындағы алғашқы кездесулерінде Сәтпаев қақпаға бес рет соққы жасап, оның үшеуін дәл бағыттаған. Сонымен қатар төрт қауіпті шабуыл ұйымдастырып, екі айқын голдық мүмкіндік жасаған.

Футболшының көрсеткіштері бойынша оның xG көрсеткіші – 0,35, xA – 0,75 болды. Ал пас дәлдігі 83,6 пайызға жетті.

Енді жанкүйерлерді бір сұрақ қызықтырады: Дастан Сәтпаев жарақаттан кейінгі алғашқы ойынын 10 қазанда өткізе ме? Бұл сұрақтың жауабы «Бернли» бапкерлер штабының шешіміне байланысты.

Көп оқылғандар