Сурет: ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн Ұлттар лигасындағы сәтсіз нәтижелерден кейін жанкүйерлерге үндеу жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол команданың ойынына баға беріліп, бапкерлер штабы мен ойыншылардың жұмысы жан-жақты сараланатынын мәлімдеді. Австралиялық маман соңғы матчтардағы нәтижелердің көңіл көншітпейтінін мойындады.
«Сіздердің реніштеріңіз орынды. Соңғы ойындардағы нәтижелердің сын көтермейтінін жақсы түсінеміз. Біз үшін қалыптасқан жағдайдың себеп-салдарын нақты бағалап, бапкерлер штабынан бастап, ойыншылардың, техникалық қызметкерлердің және ұлттық құрамалар бөлімінің жұмысын жан-жақты саралау өте маңызды», деді Скотт Манн.
Бас хатшы құрама алдағы екі матчқа тыңғылықты дайындалып, жанкүйерлер күткен деңгейде өнер көрсету қажет екенін атап өтті.
«Осы ойындардан кейін жағдайға толық талдау жасаймыз. Алдағы апталарда нәтижені қысқа және ұзақ мерзімде жақсарту үшін қандай нақты қадамдар жасайтынымызды хабарлаймыз», деді федерацияның бас хатшысы.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Джон ван’т Шкиптің жетекшілігімен Ұлттар лигасының екінші турында сырт алаңда Словакияға 2:1 есебімен есе жіберді. Ал үшінші турда өз алаңында Молдовадан 2:1 есебімен жеңілді. Сондай-ақ ұлттық құрама Фарер аралдарына қарсы өткен екі матчта да тең түсті.
