Сурет: Polisia.kz
«Металл» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Жаңаөзен қаласының полицейлері мұнай-газ кәсіпорнының өндірістік нысандарынан жабдықтарды бірнеше рет ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Полицияға алғашқы хабарлама Теңге ауылындағы ұңғымалардың бірінен екі шиберлі ысырманың жоғалғаны туралы түскен. Ұрланған жабдықтың құны 1,5 миллион теңгеден асып жығылған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталды. Тексеру барысында оның осыған ұқсас басқа да ұрлықтарға қатысы болуы мүмкін екендігі анықталды. Барлығы ер адам кәсіпорын мүлкін ұрлаудың алты дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді.
Осы деректер бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен қылмыстық істер қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта ұрланған жабдықтардың орналасқан жерін анықтау және басқа тұлғалардың қылмысқа қатысын тексеру жұмыстары жүргізілуде.
