Сурет: istockphoto.com
Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды уәде етіп, ата-аналардан 24 млн теңгеден астам ақша алған алаяқ сот үкімімен кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратураның мәліметінше, сотталушы ата-аналарға жас футболшылардың Испанияға сапарын ұйымдастыратынын айтқан. Ол 9 ата-анадан қатысу ақысы, әуе билеттері, визалық қызметтер, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындарын жабу үшін ақша жинаған.
Алайда алынған қаражатты жеке пайдасына жұмсаған. Нәтижесінде тоғыз жәбірленушіге 24 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
«Сот үкімімен оған 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Келтірілген залал сотталған адамнан өндірілді», делінген Астана қаласы прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратура тек ауызша уәдеге сеніп, ірі көлемдегі ақша бермеуге шақырды.
Бұған дейін Астанада 37 адам қажылық турларын ұйымдастыратын алаяқтарға алданып қалғаны хабарланған болатын.
