Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Германияның Майндағы Франкфурт қаласында 7–11 қазан аралығында «Frankfurter Buchmesse 2026» 78-ші халықаралық кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстанның ұлттық стенді үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы делегация құрамында 30-дан астам өкіл бар. Ұлттық стендте «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Arman-PV», «Сардар», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Steppe & World Publishing», «AmalBooks», «Umai Books», «WiK», «Safitales» және өзге де баспалардың 300-ге жуық кітабы қойылды.
Жәрмеңке барысында жазушы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» кітабының таныстырылымы өтті. Шығарма қазақ және ағылшын тілдерінде арнайы форматта қайта басылып шықты. Таныстырылымнан кейін жазушы оқырман кітаптарына қолтаңбасын қойды.
Сонымен қатар «Arman-PV» баспасы Жанат Аймұхамбеттің «BÖRTE. Ұлы дала патшайымы» кітабын, ал «Алматыкітап баспасы» «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» мен «Димаш Құдайберген: Шексіз музыка» атты екі жаңа басылымды таныстырды.
Жәрмеңке аясында Оразалы Сәбденнің «Әлем, Абай, жасанды интеллект» кітабының, «Гарольд және ЛараБелль. Кітаптар патшалығы» және «Күміс кітап 10 жыл» басылымдарының таныстырылымы өтті.
Бұдан бөлек, Канада, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Дания, Германия, Ұлыбритания және басқа да елдердің баспа өкілдерімен кәсіби кездесулер жүріп жатыр. Халықаралық іс-шара қазақстандық делегацияға шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, кітап шығару ісіндегі жаңа үрдістермен танысуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жобалар да талқыланып жатыр.
