Сурет: ашық дереккөз
Жасанды интеллект Қазақстан емханаларына еніп келеді. Жүрек жеткіліксіздігі қаупін ерте сатыда табатын интеллектуалды жүйе сынақтан өткізілуде, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, нейрожелі алынған мәліметтерді саралап, шұғыл түрде жүрекке УДЗ жасатуы қажет науқастарды дәрігерге көрсетеді. Жобаның негізгі басымдығы – емханаларға қымбат құрылғы алудың қажеті жоқ, өйткені жүйені қолданыстағы аппараттарға оңай қосуға болады.
«Біздің міндетіміз – ауруды асқынулар мен ауруханаға жатқызуға жеткізбей, мүмкіндігінше ерте анықтау. ЖИ дәрігерлерге қауіп-қатерді тезірек бағалап, пациентті қажетті тексеруге дер кезінде жіберуге көмектеседі», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Сонымен қатар ол диагнозға қатысты соңғы шешім тек дәрігердің құзырында қалатынын атап өтті.
Бұл технология ең алдымен емханаларда қолданылмақ. Алайда жүйе қанатқақты жоба барысында өзінің тиімділігін дәлелдегеннен кейін ғана кеңінен енгізіледі. Оның қорытындысы бойынша мамандар ЖИ моделінің дәлдігін және оны алдағы уақытта емханаларда қолдану мүмкіндігін бағалауы тиіс.
«Мұндай шешімдерді кең көлемде енгізбес бұрын олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы расталған деректер қажет», деді вице-министр.
Жоба аясында бірнеше тарап күш біріктірді. Технологияны енгізу жұмыстарына Денсаулық сақтау министрлігі, еліміздің жетекші кардиологтары – Жүрек жеткіліксіздігі бойынша мамандар қоғамы және отандық IT әзірлеуші CMC Technologies компаниясы бірлесіп қатысып жатыр. Бастамаға «АстраЗенека Қазақстан» фармацевтикалық компаниясы қолдау көрсетіп келеді.
Айта кетейік, былтырғы жылы отандық зерттеушілер жүрек-қан тамырлары ауруының алдын алуға арналған платформа жасап шығарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары әзірлеген «Zhurek AI» платформасы дерттің қауіптілігін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
