Сурет: @atamekenbusiness_silkway
Қазақстанда ипотекалық несиесін қайта қаржыландырған әлеуметтік осал азаматтар қосымша көмек алу үшін өтінішті 2027 жылғы 1 шілдеге дейін бере алады. Бұған дейін бұл мерзім 2025 жылдың 31 желтоқсанында бітетін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қаржылай қолдау көрсету мерзімі 2027 жылғы 1 қыркүйекке дейін белгіленді. Бұл өзгеріс төлем жасауға қиналып жүрген азаматтарға көмек сұрауға қосымша уақыт береді.
Бағдарлама аясында банктер қарыз алушының жағдайын ескеріп, ипотеканың негізгі қарызын азайтуы немесе төлем кестесін қайта қарауы мүмкін. Банк балансына өткен баспананы сатып алуға несие рәсімдеуге немесе оны кейін сатып алу шартымен жалға алуға 2027 жылғы 1 шілдеге дейін өтініш беруге болады (егер осы мерзімге дейін өтініш берілмесе, ұйым тұрғын үйді сатуға құқылы). Өтінішті несиені берген банкке, Қазақстанның тұрғын үй компаниясына немесе бағдарламаға қатысатын басқа ұйымға тапсыру қажет.
Қосымша көмек алу үшін бірнеше талап қатар орындалуы тиіс: қарыз алушы әлеуметтік осал санатқа жатуы немесе белгіленген тізімдегі сырқаттардың бірі болуы; қарыз алушының және оның жұбайының атында Қазақстанда басқа баспана болмауы; несие төлемінің кешігуі 180 күннен асуы және негізгі қарыз қалдығы 50 млн теңгеден көп болмауы; отбасының табысы несиені бұрынғы шарттармен өтеуге жетпеуі. Бұл талаптар 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2024 жылғы 31 желтоқсан аралығында алынған ипотекаларға қатысты.
Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша берілген несиелерге, заңды тұлғалардың қарыздарына және сот алаяқтықпен байланысты деп таныған несиелерге бұл көмек көрсетілмейді.
Сонымен қатар «Отбасы банк» кепілге қойылатын тұрғын үйге қатысты талаптарды жаңартып, ипотекалық несиелеу шарттарын жеңілдетті.
