Сурет: ашық дереккөз
Астана қаласында жылдық 5% мөлшерлемемен 562 несиелік пәтерге өтінім қабылдау басталды. Өтініштерді 19 қазанға дейін Baspana Market арқылы беруге болады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, несиелік пәтерлер А91 көшесіндегі №36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлерінде орналасқан. Нысандардың кодтары: 10336, 10338, 10339 және 10340.
Өтінімдер 7-19 қазан аралығында Baspana Market сайтындағы жеке кабинет арқылы қабылданады. Үміткерлерді іріктеу 21 қазанға жоспарланған.
Үйлер – бес қабатты. Лифт қарастырылмаған. Пәтерлер тұрғындарға таза әрлеумен беріледі.
Бір шаршы метрдің құны – 332 916 теңге.
Несие жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 5,2%-дан 5,8%-ға дейін. Бастапқы жарна – кемінде 10%.
Еске салайық, бұған дейін «Отбасы банк» жеңілдетілген «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша мақұлданған өтінімдердің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған еді. Енді несие рәсімдеп, баспана сатып алуға 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін мүмкіндік бар.
