Әлем

Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунның келіссөздері қорытындысы бойынша таратылған хабарламада бұл уағдаластық екі ел азаматтары үшін рәсімдерді жеңілдетіп, өзара сапарларға қолайлы жағдай жасайтыны айтылған.

Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасында «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылған. Бұл құжат орталықта қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін қалыптастыру бойынша ұзақ жұмыстың аяқталғанын білдіреді.

Хабарламада келісім екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілген.

Бұған дейін 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісім күшіне енген болатын.

Көп оқылғандар