Сурет: Polisia.kz
Астанада домбыра үйірмесіне қатысатын балалардың ата-аналары полицияға арызданған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тергеу деректеріне сәйкес, 32 жастағы ер адам ата-аналарға балаларын байқауға қатыстыру үшін Дубайға апаруға көмектесетінін айтып, сенімдеріне кірген. Ол шығындарға қажет деген сылтаумен әр ата-анадан әртүрлі мөлшерде ақша алған.
Қазіргі уақытта алдау арқылы ақша иемденудің 11 дерегі анықталған. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы және басқа да тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция азаматтарға ақша бермес бұрын ұсынылған ақпараттың шынайылығына көз жеткізуді, құжаттар мен қызмет көрсету шарттарын мұқият тексеруді, сондай-ақ ресми құжаттармен расталмаған уәделерге сенбеуді ескертеді. Күмән туындаған жағдайда полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласуға болады.
