Қаржы

Ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылынан кейін КТК-да мұнай тиеу уақытша тоқтатылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Каспий құбыр консорциумының (КТК) екі сыртқы айлақ құрылғысында мұнай тиеу жұмыстары ұшқышсыз ұшу аппаратына қатысты оқиғадан кейін уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 8 қыркүйекте КТК терминалының маңында ұшқышсыз ұшу аппаратына қатысты оқиға болған. Осыған байланысты ВПУ-3 және ВПУ-2 сыртқы айлақ құрылғыларындағы мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылған. Жүк тиеу жүйелері мен танкерлердің жағдайына тексеру жүргізілгеннен кейін мұнай тиеуді жалғастыруға әсер ететін ешқандай ескерту анықталмаған. Қоршаған ортаға әсер ету фактілері тіркелмеген.

Тексеру жұмыстары аяқталған соң терминалдағы мұнай тиеу операциялары штаттық режимде қайта жанданған. Қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауға ешқандай шектеу енгізілмеген.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, шабуыл кезінде Қазақстан мұнайын тасымалдап келе жатқан Seaviolet танкері зақымданған. Кеме ВПУ-3 маңында орналасып, Теңіз кен орнынан мұнай тиеп жатқан. Зақым көлемі аз болған. Мұнай тиеу жұмыстары аяқталғаннан кейін танкер порттан шығып кеткен.

Бұған дейін де КТК терминалына шабуыл жасалған болатын. Кейінгі келісімдерден соң Украина Қазақстан мұнайын экспорттау үшін пайдаланылатын инфрақұрылымға, сондай-ақ Қара теңіздегі Ресейге қатысы жоқ мұнай танкерлері мен қажетті инфрақұрылымға шабуыл жасамауға міндеттеме алған.

Көп оқылғандар