Әлем

Бельгияда жастар толқуы: Брюссельде полициямен қақтығыс

Сурет: BILD

Бельгия астанасының орталығында бүгін полиция мен бетперде киген жастар арасында қақтығыс туды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаппай тәртіпсіздік Брюссель-Центральный орталық вокзалының маңынан басталды. BILD басылымының дерегінше, қара киімді жүздеген жас тәртіп сақшыларына ағаш бөренелер, бөтелкелер және қоқыс жәшіктерін лақтырған. Полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыш құралдарды пайдаланды. Вокзал алдындағы алаңда велосипедтер өртеніп, қала орталығын қою түтін басты.

Қақтығыстар Бельгия кәсіподақтарының үкіметтің шығындарды қысқарту жоспарына қарсы жаппай наразылығы өткен күні орын алды. Belga агенттігінің мәліметінше, қара киімді топтар демонстрацияға қатысушылардың арасына сіңіп кеткен. Ал акцияны ұйымдастырушылар наразылықтың бейбіт өтетінін мәлімдеген.

Тәртіпсіздіктер Бельгияның француз тілді бөлігіндегі студенттер наразылығы аясында күшейіп отыр. Жастар оқу ақысының өсуіне, сыныптардың шамадан тыс толуына және білім беруге бөлінетін қаржының қысқаруына қарсы. Льеж қаласында соңғы күндері 100-ден астам адам ұсталды.

Бұл жағдай Франциядағы қақтығыстарды еске салады. Франция Ішкі істер министрлігінің дерегінше, наразылықтар барысында 500-ден астам адам ұсталған. Дегенмен Бельгиядағы шерулердің себептері елдегі білім беру реформаларына да қатысты.

Айта кетейік, Францияда оқушылар наразылығы салдарынан мектептерде сабақ тоқтатылды.

Көп оқылғандар