Спорт

Тарихи жетістік: Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Сурет: ҚТФ

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында тұңғыш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингінде көшбасшылыққа шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жетістік оның US Open-2026 турнирінде жартылай финалға шығуының арқасында мүмкін болды. WTA-ның тірі рейтингінде Рыбакина беларусьтік Арина Соболенконы басып озды. Рейтингтің ресми жаңартылған нұсқасы 14 қыркүйекте жарияланбақ.

Осылайша, Елена жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды. Бұған дейін еліміздің ешбір спортшысы әйелдер мен ерлер арасында мұндай биікке көтерілмеген еді.

WTA рейтингіндегі бірінші орын – Рыбакинаның мансабындағы кезекті маңызды белес. Оның еншісінде жекелей сында 13 WTA титулы бар. Ол «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы: 2022 жылы Уимблдонда жеңіске жетсе, 2026 жылы Australian Open-та топ жарды.

Тағы бір маңызды жетістік – 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі жеңісі. Елена бес матчтың барлығында басым түсіп, финалда Соболенконы ұтты.

Қазақстандық теннисші WTA 1000 санатындағы екі титулды 2023 жылы Индиан-Уэллс пен Римде иеленді. Сондай-ақ ол WTA 500 турнирлерінде алты рет, WTA 250 жарыстарында екі рет чемпион атанды.

Елена кәсіби турдағы алғашқы жеңісін 2019 жылы Бухарестте тойлаған. Содан бері ол «Үлкен дулығаның» екі дүркін чемпионы, WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы және әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Рыбакинаның тарихи жетістігін жоғары бағалады.

«Бұл жетістіктің артында Еленаның және оның бүкіл командасының орасан еңбегі, таланты, қайсар мінезі мен көпжылдық табандылығы тұр. Бұл – миллиондаған қазақстандықты біріктіріп, жігерлендіретін жеңіс. Бүгінгі жетістік әрбір жанкүйеріміз үшін ерекше сәтке айналып, спорттағы жолын енді бастап келе жатқан мыңдаған балаға үлгі болатынына сенімдімін. Елена Қазақстан өкілі әлемде ең үздік бола алатынын дәлелдеді. Бұл – еліміз үшін зор мақтаныш әрі Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделін нығайтатын үлкен жетістік. Қазақстан теннис федерациясының атынан барша қазақстандықты осы айтулы тарихи жетістікпен құттықтаймын!»

Рыбакинаның WTA рейтингіндегі көшбасшылығы – отандық теннис пен бүкіл спорт қауымдастығы үшін тарихи оқиға. Енді Қазақстан туы әлемдік теннистің ең биік шыңында желбірейді.

Мұндай жеңістер балаларды спортқа баулып, тенниске қызығушылықты арттырады. Жаңа буын ойыншылары әлемнің бірінші ракеткасының жетістігін қайталауға ұмтылады.

US Open-2026-да Қазақстаннан жалғыз Рыбакина қалды. Қалған төрт теннисші негізгі айналымға өте алмады.

Айта кетейік, Америка ашық чемпионатында Рыбакинаның басты бәсекелесі – Арина Соболенко. Осы турнирді қатарынан екі рет ұтып алған Соболенко жарыс алдында Рыбакинамен жаттығу өткізген.

Көп оқылғандар