Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда 9 қазаннан бастап азаматтар телефондарын IMEI бойынша верификациялауды тек eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы жүргізе алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа тәртіпке сәйкес, қажетті деректер автоматты түрде жинақталады, ал өтініш иесі міндетті түрде бейне сәйкестендіруден өтуі тиіс.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, бұрын азаматтар верификация үшін өзге де цифрлық ресурстарға жүгініп, қосымша құжаттарды дербес жинап, өтінішке тіркеуге мәжбүр еді. Мысалы, мемлекеттік шекараны кесіп өту туралы анықтаманы vmp.gov.kz порталынан жеке алу қажет болатын. Енді мұндай деректер мемлекеттік жүйелер арасындағы өзара ақпарат алмасу арқылы автоматты түрде алынады.
IMEI верификациясына өтінім беру үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, басты беттегі «Танымал қызметтер» бөлімінен «IMEI верификациясына өтінім» қызметін таңдау қажет. Содан кейін 1414 қысқа нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру немесе бас тарту керек.
Келесі қадамда eGov (Digital ID) сервисі арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтіп, жүйені пайдалану шарттарымен танысу қажет. Соңында өтініштің тиісті нұсқасын таңдау керек.
Компания түсіндіргендей, бейне сәйкестендіру талабы азаматтардың жеке деректері мен электрондық цифрлық қолтаңбасын олардың келісімінсіз пайдалану жағдайлары және өтініш беру кезіндегі күмәнді әрекеттер анықталғаннан кейін енгізілді. Бұл шара өтінішті азаматтың өзі беріп отырғанын растауға және жеке деректерді заңсыз пайдаланудың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар техникалық жұмыстар аяқталып, қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілгеннен кейін iPhone 18 смартфондарын жеке тұлғалар үшін верификациялау қайта басталады. Уақытша шектеу тек верификация рәсіміне қатысты болды. Бұл модельдер Қазақстанның ұялы байланыс операторларының желілерінде бұрынғыдай жұмыс істеген.
Верификациядан өтуге қатысты сұрақтар туындаса, азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады. Сондай-ақ сервисте пайдаланушыларға арналған нұсқаулық пен жиі қойылатын сұрақтар бөлімі қолжетімді.
Айта кетейік, 14 тамыздан бастап елімізде eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттарды пайдалану тәртібі жаңарды. Енді жеке куәлік пен басқа да цифрлық құжаттарды үшінші тұлғаға көрсету тек уақытша QR-код немесе бір минутқа дейін жарамды код арқылы жүзеге асырылады.
