Сурет: Жайық Пресс
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев балалар мен жасөспірімдерге психологиялық және құқықтық көмек көрсететін мекемелерге барып, олардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық психологиялық қолдау әдістемелік орталығында өңір басшысына мекеменің қызметі туралы ақпарат берілді. Орталықта 12 психолог, екі әлеуметтік педагог және сегіз әдіскер жұмыс істейді. Қала мен аудандарда мамандардың жұмысын 15 қызметкер үйлестіреді.
Әкім оқушылар арасында деструктивті мінез-құлық пен суицидтік тәуекелдердің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Облыстық балалар құқығын қорғау басқармасының қызметі туралы ведомство басшысы Афиза Семгалиева баяндады. Жыл басынан бері басқармаға азаматтардың тікелей өтініштерінен бөлек, «111» бірыңғай мемлекеттік қызметі арқылы 62 өтініш және өңірлік сенім телефоны арқылы 220 өтініш түскен.
Өтініштер негізінен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, білім және қауіпсіздік мәселелеріне, отбасылық қатынастарға және әлеуметтік көмекке қатысты болды.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында басқармаға жедел әрекет етуді қажет еткен 54 жағдай туралы ақпарат келіп түсті. Барлық жағдай бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.
Нариман Төреғалиев балалардың құқықтарын қорғау, олардың психологиялық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттар болып қала беретінін атап өтті.
– Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру қажет. Жауапты құрылымдар «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын сапалы іске асыру үшін бірлесіп әрекет етуі тиіс, – деді өңір басшысы.
