Басты тақырып

Астанада WTT Star Contender үстел теннисі турнирі өтеді

Сурет: Ұлттық Олимпиада комитеті

Астанада тұңғыш рет WTT Star Contender турнирі ұйымдастырылады. Оған әлемнің үздік үстел теннисшілері қатысып, Қазақстан Президентінің кубогі үшін сынға түседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Nomad Table Tennis Academy академиясының дерегінше, жарысқа 18 елден 160 спортшы қатысады. Дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жалпы жүлде қоры – 300 000 доллар.

«Жарысқа өтінім берген спортшылар қатарында Ван Иди (Қытай), Алексис Лебрен (Франция), Данг Цю (Германия), Дарко Йоргич (Словения), Дмитрий Овчаров (Германия), Сацуки Одо (Жапония), сондай-ақ Миу Хирано (Жапония) бар. Жекелей сында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фанг Бо Қазақстан атынан Nomad Table Tennis Academy құрамында өнер көрсетеді», делінген материалда.

Отандастарымыз WTT-дің ірі турнирлерінде, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тұрақты өнер көрсететін спортшылардың ойынын тамашалай алады. Ал қазақстандық ойыншылар өз алаңында әлемнің жетекші спортшыларымен кездесіп, осындай деңгейдегі жарыстың тәжірибесін жинауға және халықаралық рейтингтік ұпайлар алуға мүмкіндік алады.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Турнирдің халықаралық құқық иеленушісі әрі ұйымдастырушысы – ITTF аясында жұмыс істейтін World Table Tennis (WTT).

Қазақстандағы жарысты Nomad Table Tennis Academy ұйымдастырады. Жарыс бес дисциплина бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей разряд, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық разряд, сондай-ақ аралас жұптық разряд.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирін өткізу Қазақстанның әлемдік үстел теннисі картасындағы орнын нығайтып, отандық спортшыларға өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен тұрақты түрде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жақында қазақ үстел теннисшілерінің арасынан Жәния Бекмұхамбетова халықаралық аренада үздік нәтиже көрсетті. Ол үстел теннисінен Словенияның Оточец қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақстан құрамасының өкілі U13 жас санатында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалға дейін словениялық Эму Калужамен, үндістандық Каавья Саринмен, сингапурлық Линь Цзяцзюньмен, хорватиялық Стелла Пресецкимен, Ника Грегурецпен, Петра Липовшчакпен ойнап, бәрін бірдей 3:0 есебімен жеңді. Финалда Сингапур өкілі Хуан Кристалдан 3:1 есебімен басым түсті.

Көп оқылғандар