Сурет: gov.kz
Астанадағы Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Сетқазы Мирас TikTok және YouTube платформаларындағы қысқа бейнелердің балалар зейініне ықпалын зерттейтін нейрожоба әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жобаның мақсаты – қысқа видеоларды көру ұзақтығы мен зейін тұрақтылығы арасындағы байланысты тәжірибе жүзінде анықтау. Зерттеу барысында оқушылардың экран уақыты талданып, сауалнама жүргізіледі. Сонымен қатар Шульте кестесі мен Бурдон түзету сынамасы арқылы зейінді шоғырландыру жылдамдығы, тұрақтылығы мен дәлдігі бағаланады.
Жоба аясында қысқа бейнелерді көруге дейінгі және кейінгі нәтижелер салыстырылып, мидың мадақтау жүйесі мен дофаминнің рөлі қарастырылады. Оқушы зерттеу нәтижелерін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге және себеп-салдар байланысын асыра бағаламауға мән береді.
Жобаның практикалық нәтижесі ретінде цифрлық гигиена ережелері, жадынама мен ақпараттық буклет әзірлеу жоспарланған. Бұл материалдар оқушыларға экран уақытын саналы басқаруға және сабақ кезінде зейінін шоғырландыруға көмектеседі.
Жобаның негізгі мақсаты – смартфоннан бас тарту емес, цифрлық технологияны тиімді пайдаланып, зейінді басқару дағдысын қалыптастыру.
