Сурет: Egemen Qazaqstan
Таиланд астанасы Бангкокта жасөспірімдер арасындағы мәнерлеп сырғанау Гран-при кезеңі мәресіне жетті. Қыздар арасында Мария Сосновская екі бағдарлама қорытындысы бойынша 127,71 ұпаймен 18-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жекелей сында ресейлік София Дзепка 205,73 ұпаймен жеңіске жетті. Жапониялық Сумика Канадзава 202,79 ұпаймен күміс алса, канадалық Лиа Чо 192,75 ұпаймен үздік үштікті қорытындылады.
Ерлер арасында Ералы Шахмұрат 138,91 ұпаймен 18-орыннан көрінді. Бұл бәсекеде ресейлік Лев Лазарев 260,90 ұпаймен жеңіс тұғырына көтерілді. Жаңа Зеландия өкілі Янхао Ли 244,68 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізсе, Таиланд спортшысы Хиро Каевтатхип 229,51 ұпаймен қола медаль еншіледі.
Ертең Мажарстан астанасы Будапештте дзюдодан Hungary Grand Slam 2026 халықаралық турнирі басталады. Рейтингтік ұпайлар сарапқа салынатын бұл бәсекеге әлемнің 70 елінен 530-ға жуық балуан қатысады. Қазақстан құрамасының бапкерлері 12 спортшыға сенім артып отыр.
Ерлер арасында 60 кг салмақта Нұрәділ Әлжан мен Мағжан Шамшадин, 66 кг-да Мейірбек Байзақов пен Ақжігіт Насыр, 73 кг-да Есет Қуанов пен Ерсұлтан Дүйсенхан татамиге шығады. Сондай-ақ Досхан Жолжақсынов (81 кг), Ермахан Әнуарбеков пен Данил Крылов (90 кг), Асқар Біржанов (100 кг) жүлдеге таласады. Әйелдер бәсекесінде Диана Бүркеева 48 кг, Ақерке Рамазанова +78 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайды.
Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатқан пара садақ атудан әлемдік серияда жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтерілді. Компаунд бойынша командалық сайыста 50 метр қашықтықтан нысана көздеген Айзада Сейдан мен Жанат Әйтімова 141 ұпай жинап, алтын медаль еншіледі.
Теннистен Дэвис кубогінде Таиланд құрамасына қарсы ойнайтын Қазақстан құрамасының сапы белгілі болды. Екінші әлемдік топ аясындағы матчта Бейбіт Жұқаев, Әмір Омарханов, Александр Шевченко, Денис Евсеев және Тимофей Скатов ел намысын қорғайды.
Қазақстан мен Таиланд құрамалары 18–19 қыркүйек күндері елордадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында кездеседі. Матч бағдарламасында төрт жекелей және бір жұптық ойын бар. Жеңіске жеткен құрама келесі жылы өтетін Дэвис кубогінің плей-офф кезеңіне жолдама алады.
