Спорт

Министрлік: Ұлттық құрама белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды

Сурет: chainstoreage.com

Туризм және спорт министрлігі кейбір дүкендерде Under Armour компаниясының Қазақстан ұлттық командасының формасына ұқсас спорт киімдері сатылып жатқанын мәлімдеп, жалған өнімдерді сатып алмауға шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова айтты.

Оның сөзінше, былтыр ведомство алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour брендінің бірыңғай жазғы және қысқы экипировкамен қамтамасыз еткен. Спорт киімдері Қазақстан ұлттық құрамаларының мүшелеріне арналып сапалы тігілген. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген киімдер спортшылардың жеке өздеріне ғана беріледі және формалар еркін сатылымға шығарылмайды.

Министрлік өкілі қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын және соның атынан сатылып жатқан өнімдердің пайда болғанын жасырмады.

«Мұндай өнімдердің Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына қатысы жоқ. Under Armour брендінің түпнұсқа спорттық киімдерін, оның ішінде осыған ұқсас спорттық костюмдер мен басқа да экипировка үлгілерін брендтің ресми дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрамаға тиесілі белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды», деді Балым Адамиденова.

Министрлік өкілі осыған байланысты Under Armour компаниясының брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнімдерді тарату фактілеріне қатысты тиісті құқықтық шаралар қабылдап жатқанын айтты.

«Осы ақпаратты ескеріп, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасы ретінде ұсынылатын жалған өнімдерді сатып алмауға шақырамыз», деді ол.

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізуді және оларды аккредиттеуге қойылатын талаптарды белгілеуді көздейтін Заң жобасын әзірлегенін хабарлаған едік.

Көп оқылғандар