Әлем

Грузияда қазақстандық жүргізуші 16 жылға сотталды

Сурет: istockphoto.com

Грузия соты Қазақстан азаматын 16 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Щучинск қаласының тұрғыны сәуір айында Поти портында ұсталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Sinegor.kz мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі белінің қатты ауырғанына байланысты күшті ауырсынуды басатын дәріні қобдишасында алып жүрген. Алайда Грузияда бұл препарат психотроптық және есірткі заттарына теңестірілген.

Жүргізуші бес айдан бері қамауда. Осы уақыт ішінде оның жұбайы күйеуін елге қайтару үшін көмек іздеген. Бұл іске Бурабай ауданының әкімдігі мен прокуратура өкілдері де қосылған.

Дәріні Германияда дәрігер тағайындағанын дәлелдеуге мүмкіндік болмаған. Сотталушының туыстары сот үкіміне шағымданбақ. Грузия заңнамасына сәйкес, апелляция беруге бір ай уақыт қарастырылған.

Сыртқы істер министрлігі сотталушының туыстарымен байланыста екенін және консулдық-құқықтық көмек көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-та миграциялық мәртебесі болмаған Қазақстан азаматы ұсталған еді.

Көп оқылғандар