Қоғам

ЖИ радиологиялық скринингті 30 күннен 3 күнге қысқартты

Сурет: Үкіметтің ресми Telegram-каналы

Елімізде диагностика барысында жасанды интеллектіні пайдалану аясы ұлғайып келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Орталықтандырылған радиологиялық зерттеулер жүйесі бүгінде 15 аймақтағы мемлекеттік медициналық мекемелерді қамтып отыр. Ол өкпе және сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында қолданылады.

«Сүт безі обырын анықтау 32%-ға дейін өсті. Скринингтік бағдарламаларды жүргізу мерзімі 30 күннен 3 күнге дейін қысқарды. Зерттеулер саны 4 есеге көбейді. Ал радиологтың бір зерттеуге жұмсайтын жұмыс уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды», деді WDSOFT өкілі Ерлан Жәнібеков.

Жасанды интеллект эндоскопия саласында да қолданылуда. Колоноскопия кезінде жүйе дәрігерге эпителий түзілімдерін байқауға көмектеседі, себебі оларды визуалды тексеру кезінде көрмей қалу ықтималдығы жоғары.

«ЖИ көмегімен бөгде дене анықталғаннан кейін эндоскопист дәрігер биопсия алу немесе бөгде денені жою қажеттігі туралы шешімді өзі қабылдайды. Бұл тәсіл бөгде дененің одан әрі дамып, қатерлі ісікке айналуына жол бермей, оларды ерте кезеңде анықтауға және жоюға мүмкіндік береді», деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Эндоскопия департаментінің басшысы Мейрам Құсайынов.

Бүгінде жасанды интеллект, цифрландыру, ғылыми зерттеулерді халықаралық деңгейде дамыту және білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу – әлемдік университеттердің де басты басымдықтарының біріне айналды.

Көп оқылғандар