Сурет: Getty Images
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы британдық Хамза Ширазбен келіссөздердің ұзаққа созылып кеткеніне наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тамыз айында WBO Жәнібекті Шираздың чемпиондық титулына міндетті үміткер ретінде бекіткен болатын. Алайда тараптар белгіленген мерзімде ортақ келісімге келе алмады. Top Rank пен Queensberry Promotions компанияларының өтініші бойынша келіссөздерге берілген уақыт 10 қыркүйекке дейін ұзартылған еді. Межелі мерзім аяқталар тұста боксшы жазба жариялады.
«Ол тым ұзақ созып жатыр. Егер жекпе-жек өткізгісі келсе, ашық айтып, кездесуді ұйымдастырсын. Егер жұдырықтасқысы келмесе, титулды босатуы керек. Менің босқа жоғалтатын уақытым жоқ!», деп жазды спортшы.
Егер тараптар белгіленген мерзімге дейін жекпе-жек өткізу туралы келісімге келе алмаса, боксшылардың промоутерлері арасында жекпе-жек өткізу құқығына қатысты промоутерлік сауда өткізіледі.
Еске сала кетейік, жаңартылған WBO рейтингінде Жәнібек Әлімханұлы суперорта салмақта көшбасшылар қатарына қосылып, жекпе-жексіз бірден екінші орынға жайғасты. Рейтингтің бірінші сатысында Сауль Альварес тұрса, аталған салмақтағы әлем чемпионы титулын Хамза Шираз сақтап тұр. Бұған дейін отандасымыз Канелоны рингке шақырған еді.
