Әлем

Француз сарапшылары Қазақстанның Орталық Азиядағы жаңғыру үдерісіндегі рөлін бағалады

Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстандағы саяси және құқықтық реформалар шетел сарапшыларының оң бағасын алды. Француз журналисі Радуан Курак пен геосаясат және халықаралық қатынастар кеңесшісі Себастьен Буссуа осы өзгерістерге пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Журналист әрі шолушы Радуан Курак Қазақстанды Орталық Азияда құқықтық мемлекетті нығайтудың үлгісі деп атады. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар елдің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді жүйесін құруға ұмтылысын көрсетеді.

«Орталық Азиядағы құқықтық мемлекет туралы сөз болғанда, Қазақстанды үлгі ретінде атауға болады. Ел азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар реформа жүргізіп жатыр», деді ол.

Курак маңызды өзгерістер қатарында бір палаталы парламентке көшу, сот жүйесін жаңғырту және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын дамытуды атады. Ол Қазақстанда қалыптасып жатқан институционалдық модель мемлекеттік басқару мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың еуропалық тәсілдеріне едәуір сәйкес келетінін айтты.

Геосаясат және халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесші, PhD дәрежесінің иегері Себастьен Буссуа Қазақстандағы реформаларды өңірлік даму тұрғысынан қарастырды. Ол Қазақстанның жаңғыру жолын жүйелі жалғастырып, институционалдық өзгерістерге басымдық беретін Орталық Азия мемлекеттерінің арасында маңызды орынға ие болып отырғанын айтты.

«Орталық Азияның көптеген елі жаңғыру мен ырықтандыруға ұмтылып, белсенді дами бастады. Солардың қатарында соңғы жылдары ауқымды жаңғыру үдерісін бастаған Қазақстан да бар», деді ол.

Буссуа мемлекеттік биліктің негізгі институттарына қатысты өзгерістерге де назар аударды. Оның пікірінше, бір палаталы парламент жүйесіне көшу сот төрелігін ұйымдастырудағы маңызды өзгерістермен қатар жүріп, сот билігінің дербестігін нығайтуға бағытталған.

«Қазақстандағы өзгерістер қос палаталы парламенттен бас тартып, Сенатты тарату және сот жүйесін жаңғырту бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар сот билігінің тәуелсіздігін нығайтып, оны дербес қаржыландыруға басымдық беріліп отыр», деді Себастьен Буссуа.

Француз сарапшысы Қазақстанның Орталық Азияны жаңғыртудағы айрықша рөліне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан өңірде институционалдық өзгерістердің өзіндік моделін қалыптастырып, Еуропаға жақындау бағытын ұстанып отырған алғашқы мемлекеттердің бірі.

Еске салайық, бұған дейін елімізде құқық қорғау саласындағы халықаралық орталық ашылатынын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар