Жайық news

БҚО-да үш жылда 50 медициналық нысан салынды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 50 нысан пайдалануға берілді. Келесі кезең — аудандық ауруханаларды жаңғырту, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Аймақта ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба жалғасып жатыр. Оның басты мақсаты — шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді ету. 2023–2025 жылдары өңірде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны іске қосылды: 11 дәрігерлік амбулатория, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт және 18 медициналық пункт. Жобаға облыс бойынша 10,8 млрд теңге бағытталған.

– Ұлттық жоба ауылда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Біздің облыста осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде бұрын болмаған ауылдарда медициналық мекемелер ашылды, – деді БҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Парасат Жұмағалиев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту шағын нысандар салумен шектелмейді. 2025 жылдың төртінші тоқсанында Ақсай қаласы мен Қазталовка ауылындағы екі көпбейінді орталық аудандық аурухананы кеңейту жұмыстары басталды. Ауруханаларға қосымша ғимарат салудың жалпы құны 11,4 млрд теңге. Жоба мемлекеттік арнайы қор мен жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

Бөрлі ауданында мердігер — «Альтаир» ЖШС. Ақсай қаласындағы нысанның дайындығы бүгінде 65%-ды құрайды. Мұнда сыртқы және ішкі әрлеу, сондай-ақ сыртқы және ішкі инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қазталов ауданында құрылысты «Жаиксельстрой» ЖШС жүргізуде. Нысанның дайындығы 40%. Қазір қалау жұмыстары мен бірінші қабаттағы жабын плиталарын монтаждау орындалуда.

Жаңғырту аяқталған соң аудандық ауруханалар заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жарақтандырылады. Атап айтқанда, МРТ, ангиограф және компьютерлік томограф орнату көзделген. Бұл аудандық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтіп, жедел ғана емес, мамандандырылған медициналық көмектің де қолжетімділігін арттырады.

Жаңғыртудың нәтижесін Бөрлі және Қазталов аудандарының тұрғындары ғана емес, көршілес аудандардың халқы да сезінеді. Ақсайдағы жаңғыртылған аурухана базасында көрсетілетін медициналық қызметтерді Бөрліге іргелес Чингирлау, Сырым және Қаратөбе аудандарының 102 мыңнан астам тұрғыны ала алады. Өз кезегінде Қазталовка ауылындағы аурухананы жаңғырту Бөкейорда және Жәнібек аудандарының 55 мыңнан астам тұрғыны үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттырады.

– Аталған аудандардың тұрғындары қажетті медициналық көмек алу үшін қалаларға шығудың қажеті болмайды. Олар заманауи медициналық қызметтерді тұрғылықты жеріне жақын ала алады. Ұлттық жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердің тұрғындары үшін мүмкіндіктерді кеңейту және медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін арттыру, – деп атап өтті Парасат Жұмағалиев.

Көп оқылғандар