Спорт

Роналду Португалия құрамасынан уақытша шеттетілді

Сурет: Getty Images

Португалия футбол федерациясы бес дүркін «Алтын доп» иегері Криштиану Роналдуды ұлттық құрама сапынан уақытша шеттету туралы шешім қабылдады. Бұған футболшының команда орналасқан жерден рұқсатсыз кетуі себеп болған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Report мәліметінше, футболшыны шеттету мерзімі әзірге нақтыланбаған. Тиісті шешімді Португалия футбол федерациясының тәртіптік кеңесі қарастырып жатыр.

Роналдудың ұлттық құрамадан кетуіне бас бапкер Жорже Жезушпен арадағы келіспеушілік түрткі болған. Футболшының айтуынша, жаттықтырушы оған берген уәдесін екі рет орындамаған.

Португалия футбол федерациясының тәртіптік ережелеріне сәйкес, ұлттық құрама орналасқан жерден рұқсатсыз кеткен ойыншы бір айдан алты айға дейін матчтарға қатысудан шеттетілуі мүмкін. Сонымен қатар оған 500-ден 1 000 еуроға дейін айыппұл салынуы ықтимал.

Роналду Ұлттар лигасының жаңа маусымында Уэльске қарсы алғашқы матчқа қатысып, командасының 1:0 есебімен жеңуіне үлес қосты. Ал Норвегияға қарсы кездесуде (2:1) қосалқы құрамда қалды.

Футболшының сөзінше, бастапқыда оны Норвегиямен ойынға қатыстыру жоспарланбаған. Дегенмен бапкер алаңға шығуға дайын болуын сұраған. Роналду бой жазып, ойынға шығуға әзірленгенімен, матчқа қатыспады.

Айта кетейік, бұған дейін Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын қашан аяқтауды жоспарлап отырғанын да айтқан еді.

Көп оқылғандар