Сурет: Pexels.com
Google компаниясы 7 қазанда жаңартылған ережелерін жариялады. Оған сәйкес, 2026 жылғы 21 қазаннан бастап YouTube сервисінің басты бетінде Masthead форматында ақшалай онлайн ойындардың жарнамасын орналастыруға рұқсат етіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұрын бұл формат тек спорттық бәс тігулердің жарнамасына рұқсат берілген. Енді Google платформасының талаптары бойынша сертификаттаудан өткен жарнама берушілер үшін онлайн-құмар ойындарға да мүмкіндік ашылады.
«Бұл рұқсат онлайн-құмар ойындарды насихаттайтын, бірақ құмар ойындарды қадағалайтын өңірлік немесе федералдық органдарда тіркелуге міндетті емес жарнама берушілерге қолданылмайды. Бұл өзгеріс платформада спорттық бәс тігулердің жарнамасына рұқсат беретін қолданыстағы ережелерді кеңейтеді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар жарнама Google компаниясының құмар ойындарға қатысты талаптарына, тиісті елдің заңнамасына, аумақтық талаптарға және жас шектеулеріне сәйкес болуы тиіс.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ел аумағында жұмыс істеген ірі «Nomad Poker» атты онлайн-казиноның заңсыз қызметін тоқтатқаны туралы хабарланған болатын.
