Сурет: gov.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы аясында Астана-1 вокзалы қайта жаңартылып жатыр. Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов вокзалдың құрылыс алаңын аралап көрді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, мердігер компания өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы, кестеге сәйкестігі және нысанды уақытында тапсыру үшін атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Жаңғыртылып жатқан нысанның жалпы аумағы 8 409 шаршы метрді құрайды. Ғимарат қаңқасын тұрғызу және шатырын орнату бойынша негізгі жұмыстар аяқталған. Ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ электрмен жабдықтау, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және су бұруды қоса алғанда, инженерлік коммуникациялар мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін монтаждау жалғасып, жолаушылар перроны мен конкорстық өткелдің құрылысы жүргізіліп, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр», делінген хабарламада.
Жәнібек Тайжанов мердігер ұйымға құрылыс қарқынын сақтауды, жұмыс сапасын бақылауды күшейтуді және бекітілген кестеге сәйкес жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
