Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын күндері Үндістан мен Оңтүстік Кореяға сапарлайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12–13 қыркүйекте Президент Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге жұмыс сапарымен барады. Онда ол «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбындағы «аутрич»/«БРИКС+» пленарлық отырысында сөз сөйлейді.
Сапар барысында Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөздер жүргізу, сондай-ақ бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен кездесу жоспарланған.
14–16 қыркүйекте Мемлекет басшысы Корея Республикасы Президенті Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Сеулге мемлекеттік сапармен барады. 15 қыркүйекте жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін нығайту перспективалары талқыланады. Сонымен қатар Президент Кореяның ірі компанияларының жетекшілерімен кездеседі.
16 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммитіне қатысады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Қазақстанның Малайзия мен Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшілері тағайындалды.
