Спорт

Дзюдо әлем чемпионатының туы Қазақстанға табысталды

Сурет: Дзюдо федерациясы

Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында дзюдодан 2027 жылғы әлем біріншілігінің туы Қазақстанға салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли әлем чемпионатының туын Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қайтарды. Өз кезегінде IJF Бас хатшысы Лиза Аллан оны Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке салтанатпен ұсынды.

Келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 7-14 маусымы аралығында Астанада өтеді. Бұл дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңіндегі маңызды жарыс саналады. Әлемнің үздік дзюдошылары Олимпиада жолдамасына қажетті рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев әлем чемпионатына дайындық барысында жарысты ұйымдастыруға және ұлттық құраманың дайындығына басымдық берілетінін айтты. Ол әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – халықаралық спорт қауымдастығының елімізге білдірген сенімінің көрінісі екенін атап өтті.

«Спортшыларымыздың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және ел намысын абыроймен қорғауы үшін қажетті жағдай жасауға көңіл бөлеміз. Алдағы чемпионат елдегі дзюдоның дамуына тағы да үлкен серпін береді деп сенеміз», деді Қуанышбек Есекеев.

Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметінше, 2027 жылы дзюдодан әлем біріншілігі араға 12 жыл салып қайтадан Қазақстанда өтеді. Осыған дейін 2015 жылы Астанада әлем біріншілігі ұйымдастырылған. Сонымен қатар, 2023-2026 жылдар аралығында Қазақстан төрт жыл қатарынан Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген, Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды рөл атқаратын беделді Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін өткізді.

Айта кетерлігі, Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан балуаны Шерзод Давлатов (-60 кг) финалға шығып, күміс жүлдегер атанғаны мәлім.

Көп оқылғандар