Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда 109 ірі өнеркәсіп кәсіпорнының 10-ы елдегі жалпы энергия көздерінің 30 пайызын тұтынады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Олжас Әлібековтің айтуынша, энергияны көп тұтынатын компаниялардың басым бөлігі металлургия саласында орналасқан.
«Ірі энергия тұтынушылардың қатарында Qarmet, ERG, «Қазхром» және Алюминий зауыты, мұнай-газ саласында Маңғыстаудағы МАЭК бар. Энергетика кәсіпорындары көмір мен газды пайдаланып, жылу және электр энергиясын өндіреді. Сондықтан олар да ірі тұтынушы саналады. Кәсіпорындардың тұтыну көлемі жылына 8 миллион тоннаға дейін шартты отынға жетуі мүмкін. Шартты отын есебіне мазут, мұнай, көмір және табиғи газ кіреді», деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрлік өкілінің сөзінше, 1,5 мың тоннадан астам шартты отын тұтынатын кәсіпорындар энергия аудитін өткізуге міндетті. Бұл талап олардың энергияны пайдалану тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі елдегі автономды қазандықтардың 98%-ы қысқа дайын екенін мәлімдеген болатын.
