Қоғам

МӘМС-те 23,4 млрд теңге үнемделді

Сурет: gov.kz

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына өткізу арқылы қаржы шығынын азайту және жүйені қайта құру шаралары атқарылып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы министрлігінің дерегінше, жасанды интеллектке негізделген алаяқтыққа қарсы жүйе мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде 23,4 млрд теңге шығынның алдын алуға қол жеткізілді. Заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде. Үнемделген қаржы медициналық көмекті қаржыландыруға жұмсалды.

Ауруханалар шектеуші сызықтық шкаладан бас тартып, төлемдерді нақты көрсетілген қызмет көлеміне қарай төлеу жүйесіне көшті. Қарызы бар 68 клиникаға жеке сауықтыру жоспары әзірленді. 2026 жылдың соңына қарай олардың берешегін 17 млрд-тан 10 млрд теңгеге дейін азайту жоспарлануда.

Болашақта нақты сақтандыру тетіктері енгізіледі. Төлем жүйесі пациенттің мүддесіне, аурудың күрделілігіне және емдеу нәтижесіне негізделіп, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталады.

Айта кетейік, 2027 жылғы қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, емханаларда бастапқы медициналық көмектің негізгі түрлерін алуға болады.

Көп оқылғандар