Қоғам

Астанада цифрлық еңбек туралы үшжақты декларацияға қол қойылды

Сурет: Кәсіподақтар федерациясы

Астанада өткен «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумында цифрлық еңбек пен жасанды интеллект туралы Астана үшжақты декларациясына қол қойылып, Кәсіподақтардың цифрлық хартиясы қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Форум екі күнге созылып, 7 қазан – Дүниежүзілік лайықты еңбек күніне және 10 қазан – Кәсіподақтар күніне орайластырылды. Іс-шара Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин цифрлық жаңғыру кезінде еңбек адамының мүддесін қорғау маңызды екенін атап өтті.

«Біз бұл реформаларды қолдаймыз. Кәсіподақтардың міндеті – цифрлық трансформацияның ортасында еңбек адамы қалуын қамтамасыз ету. Негізгі мәселе – жаңа еңбек әлемінде адамға қандай орын берілетінінде», деді ол.

Форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, шетелдік кәсіподақ бірлестіктерінің, IT-компаниялардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Жиында еңбек нарығының цифрлық инфрақұрылымын дамыту, жұмыскерлерді қайта даярлау және өндіріске заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Құжатқа Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының басқарма төрағасы Қаныбек Жаңбырбаев қол қойды.

Декларация бойынша, цифрлық технологиялар еңбек кепілдіктерін төмендетпей, еңбек өнімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға тиіс. Сондай-ақ жұмыскерлер өз еңбегіне қатысты жасанды интеллект қабылдаған шешімдер туралы ақпарат алуға, олардың мән-жайын түсіндіруді сұрауға және адам тарапынан қайта қаралуын талап етуге құқылы.

Тараптар жұмыскерлерді оқыту мен қайта даярлауға, платформалық жұмыспен қамту саласындағы құқықтарды қорғауға және цифрландырудың еңбек нарығына әсерін ұжымдық келіссөздер арқылы қарауға уағдаласты.

Кәсіподақтардың цифрлық хартиясында алгоритмдердің ашықтығы, дербес деректерді қорғау, кәсіби қайта даярлау және онлайн-платформаларда еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру қағидаттары қамтылды.

Форум аясында алгоритмдік басқару кезіндегі жұмыскерлердің құқықтары, автоматтандыру жағдайында жұмыс орындарын сақтау және платформалық экономикадағы еңбек кепілдіктері бойынша сарапшылық ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясы Цифрлық жаңғыру жол картасын ұсынды.

Еске сала кетейік, елімізде еңбек қауіпсіздігін бақылауға дрондар тартылмақ.

Көп оқылғандар