Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлері кеңесінің алдында түркі елдері құқық қорғау ведомстволарының басшыларымен жүздесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге Әзербайжанның ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қырғызстанның ішкі істер министрі Улан Ниязбеков, Түркияның ішкі істер министрі Мустафа Чифтчи, Өзбекстанның ішкі істер министрі Азиз Ташпулатов және Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов қатысты.
Президент түркі елдері арасындағы ынтымақтастық жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтіп, әлемдік саясаттағы сын-қатерлердің артқанына назар аударды.
«Біздің достығымызды бекемдей түсуге Түркі мемлекеттері ұйымы зор үлес қосуда. Қазақстан бұл беделді құрылыммен жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға баса мән беріп отыр. Ұйымға мүше елдер түрлі саладағы, соның ішінде күштік құрылымдар арасындағы өзара байланысын күшейтіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ішкі істер министрлерінің кездесуі айрықша маңызды екені сөзсіз. Жаһандық ахуал тұрақсыз, құбылмалы сипатқа ие болды. Соған қарамастан, күллі әлем елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Заман талабына сай өркениетті елдер қатарында боламыз десек, шапшаң әрі ширақ қимылдау қажет. Осы мақсатпен Қазақстанда түбегейлі реформалар жүзеге асырылды. Наурыз айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті, Конституция қабылданды. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекетіміздің мызғымас қағидатының бірі ретінде айқындалды. Конституцияға сәйкес, елімізде жаңа саяси лауазым – Вице-Президент тағайындалды. Үкіметтің жаңа құрамы жұмысқа кірісті», деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік басқару мен қауіпсіздікті сақтау құрылымындағы реформаларға тоқталды.
«Атап айтқанда, жаңа мемлекеттік орган – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Бұл мекеме жаһандық және мемлекеттік ауқымдағы сын-қатерлерге жан-жақты талдау жүргізеді, ұлттық қауіпсіздік саласындағы жұмысты үйлестіреді. Сонымен қатар көп ұзамай жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі жасақталады. Осылайша, еліміздегі билік тармақтары тұтастай жаңаруда. Ауқымды өзгерістер барлық саланы, соның ішінде құқық қорғау саласын да қамтиды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент туыстас мемлекеттердің басшыларына ыстық ықыласын жолдап, түбі бір түркі елдері әрдайым достық қарым-қатынаста болуға тиіс екенін атап өтті. Іс-шарада Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Норвегия Королі VIII Хоконның таққа отыруына орай құттықтау жеделхатын жолдағанын еске саламыз.
