Сурет: BILD
57 жастағы британдық Карл Бушби 1998 жылдың қарашасында Чилиден басталған сапарын аяқтады. Ол 28 жылда 50 мың шақырымнан астам жол жүріп, 29 елде болған. Ұлыбританиядағы үйіне тек жаяу немесе жүзіп жетуді мақсат еткен ол діттеген жеріне оралды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
BILD мәліметінше, соңғы кедергі – Ла-Манш бұғазы. Дүйсенбі, 5 қазанда Бушби Франциядан жүзіп өтіп, Англияның Дувр қаласы маңындағы жағалауға жетті. Бұғазды кесіп өтуге үш күнге бөлінген 20 сағат кетті. Жағажайда оны әкесі, бауырлары мен достары қарсы алды. Саяхатшының оралуын ол туралы деректі фильм түсіріп жүрген неміс режиссері Вернер Херцог те бақылады.
Бұрын десантшы болған Бушби сапарын екі қағидамен бастаған – жол жүру үшін көлік пайдаланбау және діттеген жеріне өз күшімен жетпейінше үйіне қайтпау. Ол барлық заттарын арбамен алып жүрген. Саяхат уақыты ол ойлағаннан әлдеқайда ұзаққа созылған. Виза алу мәселелері, 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы және коронавирус пандемиясы Бушбидің шамамен 14 жылын жоғалтуына себеп болған.
Айта кетейік, 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының басталуы қарсаңында зейнеткер марафоншы Сәрсенбай Қотырашев Қазақстан – Ресей – Моңғолия – Қытай бағыты бойынша кезекті сапарына жаяу аттанды.
Еске салайық, биыл сәуір айында америкалық автосаяхатшы әрі блогер Connor (@camperghini) Қазақстанға халықаралық автотур аясында келіп, Алматының көрікті жерлерін аралады.
