Жайық news

БҚО-да Lada Priora екі әйелді қағып, жүргізушісі қашып кетті

Сурет: umarov

Батыс Қазақстан облысында Lada Priora маркалы көліктің жүргізушісі жол жиегімен келе жатқан екі әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Соның салдарынан бір әйел оқиға орнында қаза тауып, екіншісі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жол-көлік оқиғасы 8 қыркүйек күні сағат 23:00 шамасында Круглоозерное ауылында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зардап шеккендер анасы мен қызы болған. Қызы оқиға орнында көз жұмса, анасы ауруханаға жатқызылған.

Полиция қызметкерлері жүргізушінің кім екенін анықтап, оны ұстады. Күдікті қамауға алынды.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге де мән-жайлары жария етілмейді.

Естеріңізде болар, жазды күні Түркістан облысы, Арыс қаласында 4 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға болған еді. Мас жүргізуші жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірді.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында полиция департаменті көші-қон қызметінің қызметкері жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.

Көп оқылғандар