Әлем

Түркі елдері қылмысқа қарсы ақпарат алмасуды жеделдетпек

Сурет: ІІМ

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлері бірлескен коммюникеге қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар киберқылмыс, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, терроризм, адам саудасы және заңсыз көші-қонмен күресті ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде айқындады.

Қазақстан көршілес мемлекеттермен бірлескен операцияларды қазірдің өзінде жүргізіп келеді. Қырғызстанмен бірге сим-бокс жеткізу арнасы тоқтатылса, Өзбекстанмен бірлесіп дропперлер желісін ұйымдастырған адам ұсталды. Сондай-ақ Қазақстан Әзербайжан және Түркиямен де ынтымақтастық орнатқан.

Кездесу барысында қылмыскерлердің жасанды интеллектіні пайдалануы мәселесі жеке талқыланды.

Тараптар құқық қорғау органдары арасындағы тікелей байланысты нығайтып, жедел ақпарат алмасуды жеделдетуге уағдаласты. Қазақстан жасанды интеллектіге байланысты жаңа қауіп-қатерлерді қарастыруды ұсынды. Бұл мәселе қараша айының басында Астанада өтетін халықаралық конференцияда талқыланбақ.

Айта кетейік, Президент Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлерімен кездесіп, түркі елдерінің ынтымақтастығы жылдан жылға күшейіп келе жатқандығын және әлемдік саясатта сын-қатерлер көбейгеніне назар аударған болатын.

Көп оқылғандар