Қаржы

Porsche Bugatti мен Rimac-тағы үлесін 1 млрд еуроға сатты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Porsche компаниясы Bugatti және Rimac компанияларындағы үлесін шамамен 1 миллиард еуроға өткізді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2021 жылдан бері Bugatti Porsche мен хорватиялық Rimac Group арасындағы бірлескен кәсіпорын ретінде жұмыс істеп келді. Онда Porsche 45 пайыз, Rimac Group 55 пайыз үлеске ие болған. Сондай-ақ Porsche-нің Rimac Group-тағы үлесі 20,6 пайызды құраған.

Мәміле нәтижесінде Porsche Bugatti Rimac пен Rimac Group-тағы барлық үлесінен толық бас тартты. Компания бұл қадамды негізгі автомобиль бизнесіне басымдық беру стратегиясымен түсіндірді.

Porsche акцияларының басым бөлігі Volkswagen Group-қа тиесілі.

Porsche үшін соңғы кезең қаржылық тұрғыдан қиын болды. 2025 жылы компанияның таза пайдасы 91,4 пайызға кеміді. Ал 2026 жылы сатылым көлемі 16 пайызға төмендеген. Бұған Қытай нарығындағы сұраныстың әлсіреуі, қытайлық автокөлік өндірушілерінің бәсекесінің күшеюі және электр көліктеріне көшу үдерісінің баяулауы әсер етті.

Porsche Bugatti мен Rimac-тағы үлесін сатудан түскен шамамен 1 миллиард еуроның 250 миллион еуросын зейнетақы міндеттемелерін қаржыландыруға жұмсайтынын хабарлады. Сондай-ақ компания 2026 жылға арналған автомобиль бизнесінің таза ақша ағыны маржасы жөніндегі болжамын 3–5 пайыздан 5,5–7,5 пайызға дейін көтерді.

Bugatti Rimac-тағы Porsche үлесін америкалық HOF Capital инвестициялық компаниясы бастаған консорциум сатып алды. Мәміле аяқталған соң Rimac Group Bugatti Rimac компаниясының 55 пайыздық негізгі үлесін сақтап қалды.

Айта кетейік, Қытай автоөндірісінің қарқыны артып келеді. Ол өз көліктерінен бөлек, өзге марка машиналарын шығаруды жүйелі түрде қолға алды. Жуырда ғана Қазақстан нарығына Қытайда шығарылған Toyota Corolla көлігі шығарылды.

Көп оқылғандар