Спорт

Астана үстел теннисінен WTT Star Contender турнирін қабылдайды

Сурет: ТСМ

2026 жылғы 15–20 қыркүйекте Астана тұңғыш рет WTT Star Contender санатындағы халықаралық доданы өткізеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup үстел теннисінен Қазақстан Президентінің ашық кубогы шеңберінде ұйымдастырылады. Жарысқа әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысады.

Дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 300 000 АҚШ доллары.

Астанадағы жарысқа әлемнің үздік үстел теннисшілері келеді. Өтінім бергендер қатарында Ван Иди (Қытай), Алексис Лебрен (Франция), Данг Цю (Германия), Дарко Йоргич (Словения), Дмитрий Овчаров (Германия), Сацуки Одо (Жапония) және Миу Хирано (Жапония) бар. Жекелей сында 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фанг Бо Қазақстан намысын Nomad Table Tennis Academy сапында қорғайды.

Отандастарымыз WTT-дің ірі турнирлерінде, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жүрген спортшылардың ойынын тікелей тамашалай алады. Ал қазақстандық ойыншылар өз алаңында әлемнің жетекші спортшыларымен кездесіп, осындай деңгейдегі жарыстың тәжірибесін жинақтауға және халықаралық рейтингтік ұпайлар алуға мүмкіндік иеленеді.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup World Table Tennis ұйымының ресми халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Турнирдің халықаралық құқық иеленушісі әрі ұйымдастырушысы — ITTF аясында жұмыс істейтін World Table Tennis (WTT).

Қазақстандағы жарысты ұйымдастыруды Nomad Table Tennis Academy жүзеге асырады.

Дода бес дисциплина бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей разряд, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық разряд, сондай-ақ аралас жұптық разряд.

WTT Star Contender турнирінің Қазақстан Республикасы Президентінің ашық кубогы аясында өткізілуі жарыстың дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді. Бұл формат қалыптасқан қазақстандық спорт дәстүрін кәсіби үстел теннисінің жетекші халықаралық серияларының бірімен ұштастырады.

WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирін өткізу Қазақстанның әлемдік үстел теннисі картасындағы орнын нығайтып, отандық спортшыларға өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен тұрақты түрде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар