Сурет: Pexels.com
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінің инспекторлары қалың өсімдіктер арасынан шығып, орманда жайбарақат жүрген аталық маралды видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық парк өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер адамдар сирек баратын табиғи ортадағы жабайы жануарлардың тіршілігін бақылауға мүмкіндік береді.
Табиғат аясында еркін жүрген марал ұлттық парктің бай биоалуантүрлілігін айғақтайды.
Марал – Қазақстанның таулы аймақтарында, соның ішінде Тянь-Шань, Жетісу Алатауы мен Алтайда мекендейтін ірі бұғы. Аталықтары тармақталған үлкен мүйіздерімен ерекшеленеді. Жазда бұл жануарлар биік таулы шалғындарға көтерілсе, қыста орман белдеуіне түседі.
Бұған дейін Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында орнатылған фототұзаққа сілеусін түсіп қалғанын, видео әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударғаны туралы хабарлаған едік.
